Биыл өңір аумағында кеңінен атап өтіліп жатқан мерейтойлық шаралар аз емес. Олардың қатарында жерлестеріміз белгілі сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің туғанына – 120, көрнекті қаламгер Сафуан Шәймерденовтің туғанына – 100, сондай-ақ ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Кәкімбек Салықовтың туғанына 90 жыл толып отыр. Мәдени сала бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар барысы “Amanat” партиясы облыстық филиалы жанында тұрақты түрде жұмыс істейтін “Miras” қоғамдық кеңесінің отырысында талқыланды.
Біртуар тұлғаларға деген өңір жұртшылығы тарапынан көрсетіліп жатқан жылы ілтипат пен зор құрмет туралы облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жамантаев баяндап берді. Оның айтуынша, биыл 120-дан астам әртүрлі форматтағы қоғамдық маңызы бар іс-шаралар, оның ішінде фотокөрмелер, челлендждер, әдеби кештер, “дөңгелек үстелдер” ұйымдастыру жоспарланған.
“Ғабит Мүсіреповтің “Ұлпан”, Сафуан Шәймерденовтің “Ағалардың алақаны” шығармаларын, Кәкімбек Салықовтың жыр жинағын басып шығару жұмыстары аяқталды. Тұсаукесер рәсім Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өтеді. Жамбыл ауданындағы Жаңажол ауылында Ғабит Мүсіреповтің мүсінін және оған іргелес аумақты абаттандыру, “Петровка – Жаңажол – Бауман станциясы” бағыттарындағы автомобиль жолы учаскесінде орташа жөндеуді аяқтау, мұражай-үйін қалпына келтіру жоспарланған”, – деді Нұрлан Досбайұлы. М.Әуезовтің 125 жылдығын мерекелеу шеңберінде облыстық мүшәйра, “Заманымыздың заңғар жазушысы” атты конференция, сонымен бірге эссе байқауы өткізіледі.
Кеңес мүшелері ауылдарда орналасқан мұражайлардың сын көтермейтін ахуалына алаңдаушылық білдірді. Дәстен Баймұқанов күтім жоқтығынан жәдігерлердің бүліне бастағанын айта келіп, облыс орталығында Әдебиет музейін ашуды, Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқанов мұражайындағы жәдігерлерді және өзге де жерлес ақын-жазушылардың жеке заттарын бір шаңырақ астына топтастыруды ұсынды. Оған Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының ғимараты ең қолайлы орын болмақ.
Жиында мерейтой иелеріне облыс орталығынан көше атын беру мәселесі де айтылды. Петропавл қаласындағы көше аттарын өзгертуге қатысты 40-тан астам ұсыныс түскен көрінеді. Енді мәселені байыппен зерделіп, тиянақты түрде шешу – қалалық ономастика комиссиясы мен әкімдік құзырында. Жамбыл аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне Сафуан Шәймерденовтің есімін беру жайы пысықталып, қарастырылуда. Шал ақын ауданы, Сергеевка қаласындағы қазақ орта мектебіне Кәкімбек Салықовтың есімін беру ойластырылған. Мәселе облыстық ономастика комиссиясының қарауына енгізіліп, қолдау тапқан. Тиісті құжаттар республикалық ономастика комиссиясына жолданған.
Қоғамдық кеңестің отырысында соңғы кезде есімдері ұмытылып бара жатқан көрнекті тұлғалардың мерейтойларын да атаусыз қалдырмау айтылды. Мәселен, партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға орай қабылданған “Жол картасына” енгізілген “дала данышпаны – солтүстік өңірдің орақ тілді, от ауызды шешені атанған Тоқсан бидің 285 жылдығы, Абылай ханның сенімді серігі, көрнекті мемлекет қайраткері Құлеке батыр Тәңірбердіұлының 320 жылдығы, соңғы кезде аты мүлдем ескерусіз қалған жазушы, Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі Ермек Қонарбаевтың 85 жылдығына орай мерейтойлық іс-шаралар жоспарын жасап, шығармаларын насихаттауды қолға алу ұсынылды. Ауыз әдебиетін зерттеуші Қаратай Биғожин мен Моңғолиядан алғашқылардың бірі болып өңірімізге қоныс аударған Елікбай ақынның қолжазбаларын іздеп тауып, мұрасын насихаттау, студенттер мен магистранттар курстық, дипломдық жұмыстарына тақырып етіп алса, артықтық болмас еді. Кеше ғана жарық өмірден өткен тарихшы-ғалым, археология профессоры Виктор Федорович Зайберт тірі болса, қазан айында 75 жасқа толар еді. Ежелгі Ботай мәдениетін төрткүл дүниеге паш етуде оның сіңірген еңбегі өлшеусіз.
Ана тіліміз босағадан төрге озып, мемлекеттік мәртебе алды десек те, қолданылу аясында шешімін табатын проблемалар аз емес. Бұл бағыттағы жұмыстар жандандыруды қажет етеді. “Сбербанк” АҚ банкоматтары мен терминалдары тұрғындарға мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейді, басы артық “шаруа” санайтын сияқты. Қалалық, аудандық әкімдіктер, мемлекеттік органдар өз жұмыстарын ширатқандары жөн.
“Қоғамдық келісім” мекемесі басшысының орынбасары, кеңес мүшесі Әбдіғани Базылхан көші-қон мәселесінде түйткілдердің көп екеніне тоқталды.
Роза ШӘКЕНОВА,
“Amanat” партиясы облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің кеңесшісі.