Мағжан Жұмабаевтың жазбаларында “Адам естелігінде кім болып қаламын, қашан мүлдем жоғаламын?”, – деген сөз бар. Қиын тағдырды бастан өткерген жанның сөзі. Талантты да, талапты жан өзінің шығармашылық құдіретіне сенімді еді, бірақ заманын билеген кеңестік жүйеге ақынның көзқарасы ұнамады. Сұрқия саясаттың салдарынан өзінің қазақ халқы үшін асқар тұлға болатынын білмей кетті. Араға жылдар салып ақынның есімін халқы қайта ұлықтап жатыр.
Мағжан шығармашылығындағы бір ерекшелік – ол сол кезеңдегі қазақ халқының қайғысы мен қасіретін толық бейнеледі. Оның шығармалары арқылы ұлт-азаттық қозғалыстың басталуын және оның құлдырауын сезінуге болады. Сол заманның зиялылары сияқты Мағжан Жұмабаев та өзі куә болған оқиғаларды баяндады.
Мағжанның ерекше туған жан екендігі бала күнінен аңғарылады. Әкесі Бекен Жұмабаев оны төрт жасында ауыл молдасына оқуға беріп, 12 жасында Петропавл медресесіне жібереді. Зерек баланың ондағы білімге көңілі толмайды. Білуге деген талпынысы мен ерекше қабілетін сезетін әкесі оны 1911 жылы Уфа медресесіне оқуға аттандырады.
“Ғалия” сол кезеңдегі алдыңғы қатардағы мұсылман медресесі болатын, онда ақсүйектердің балалары оқыды. 17 жасар Мағжанға ол медреседе білім алу қиындық тудырмады. Бекмұхамед Серкебаев өзінің естеліктерінде Мағжан “Ғалия” медресесінің үздік оқушысы болғанын жазады.
Ақынның ұлағатты ұстаздарының бірі – татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимов. Ол қазақтарды құрмет тұтып, олармен жылы қарым-қатынас орната білген. Өзінің “Дала қызы” романына эпиграф ретінде шәкірті Мағжан Жұмабаевтың бір шумақ өлеңін алған. Ұстаздың шәкіртіне: “Сен неге оқып, уақытыңды бос жұмсайсың? Сен “Ғалия” деңгейінен әлдеқашан асып түстің”, – деген достық кеңесін тарих ғылымдарының докторы, алаштанушы Мәмбет Қойгелдиев тауып жазған болатын.
Тәлімгерінің кеңесінен соң Мағжан Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқып, оны алтын медальмен аяқтайды. Омбы сол кездегі қазақ жастарының рухани орталығы болды. Ұлт зиялылары сол қалаға шоғырлана бастады. Онда Мағжан жаны жақын, көзқарастары тоғысатын тұлғалармен араласады.
“Ғалиядан” Петропавлға оралған кезде Мағжан Міржақып Дулатовпен танысады. Оны өзіне үлгі санайды, көзқарасына, ұстанымына, сеніміне қызыға қарап, көп нәрсені үйренеді. Мағжанның оған арналған үш өлеңі бар.
Мәмбет Құлжабайұлының айтуынша, Мағжанның тәуелсіздік пен бостандық тұжырымдамасына қызығушылығы семинарияда оқып жүргенде басталған. Сол кезде ол араласқан қазақ жастары ұлттық сана-сезімді ояту мен дамыту идеясын ұстанған болатын.
“Ұлттық сана-сезімді тәрбиелеу идеялары озық болды. Олармен прогрессивті жастар өмір сүрді. Бұл “аурумен” Үндістан, Қытай, Түркияда да ауырды. Қазақ жастары да осы идеяны ұстанды. Олардың қатарында Мағжан Жұмабаев та болды. “Жарыма” өлеңінде Мағжан өзінің ұлттық идеялар жолына түсіп, одан өз бақытын іздейтінін жазды”, – дейді тарихшы.
1917-1924 жылдары Мағжан Жұмабаевтың шығармашылық жолының екінші тармағы қалыптасты. Ол – журналистика және ағартушылық қызмет еді. Осының нәтижесінде 1922 жылы “Педагогика” атты еңбегі жарық көреді, біраз жыл “Кедей сөзі”, “Бостандық туы” басылымдарының редакторы қызметін атқарды.
Зерттеушілердің пайымдауынша, ақынның өмірінің шиеленісті әрі шығармашылық даму кезеңі Ташкенттен басталады. Ол 1922 жылы көшіп барған еді. Сонда өзінің ең құнды туындысы – “Батыр Баян” поэмасын жазған. Ташкентте бір жыл тұрып, Валерий Брюсов басқарған Мәскеу әдеби-көркемсурет институтына оқуға аттанады. 1923-1927 жылдар аралығында Мағжан Мәскеуде тұрады. Жаңа ортада ол шығармашыл адам ретінде жетіледі, саяси көзқарасы нығая түседі. Сондай-ақ Әлихан Бөкейхановпен танысып, онымен жақын дос болады. М.Қойгелдиев жазғандай: “Сол кезде Жүсіпбек Аймауытов Мағжанға хат жазып, жазушылықты тастамауға шақырды. “Алқа” бағдарламасы мен “Табалдырық” манифесі Мағжанның шығармашылық жұмысының шыңы болып табылады. Соңғысында автор биліктің жазушылардың өз еркін шектеуге құқығы жоқ деп жазды. Мағжан әдебиеттегі еркіндік пен тәуелсіздік қағидасын ұстанды”.
1929 жылы Мағжан Жұмабаевқа жалған айып тағылып, он жылға бас бостандығынан айырылады, жазасын солтүстікте өтейді. 1935 жылы Максим Горький мен зайыбы Екатерина Пешкованың өтінішінің арқасында мерзімінен бұрын босатылады. Алайда оның бостандығы ұзаққа созылмады. 1937 жылдың 30 желтоқсанында ақын қайта тұтқындалып, 1938 жылы наурызда ату жазасына кесілді. Жұрт үшін ол “халық жауына” айналды, оның атын айтуға да тыйым салынды.
Мағжанды ақтап, шығармашылығын халқына қайтару әрекеті өткен ғасырдың жетпісінші жылдары басталды. Бірақ өзі жоқ болса да, оны “қауіпті” көретіндер ол кезде де азаймады. Қазақ зиялылары 1967 жылы Мағжанды ақтау әрекеттімен үкіметке хат жолдаса да, жаулары жолын кес-кестеп, мүмкіндік бермеген. Бастамашылдық танытқандардың өздерін қыспаққа алған. Жазушы, әдебиеттанушы, профессор Александр Жовтис естелігінде қазақтың бір “қоғам қайраткерінің” өзі “Есіңізде болсын, жолдас Жовтис, қазақтарда мұндай ақын болмаған. Болған жоқ” дегенін ашына жазады.
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы ақынды 1948 жылы Қиыр Шығысқа сапарында көріпті деген әңгіме айтылады. Ол туралы профессор Мәмбет Қойгелдиевтің пікірі мынадай: “Белгілі адамдар қайтыс болғанда олар туралы әртүрлі аңыздар дүниеге келеді. Бұл – табиғи құбылыс. Бірақ мұрағаттық материалдарға сүйенсек, Мағжанды 1937 жылы соттады, үкімнің 1938 жылы орындалғанын растайтын анықтама бар. Басқа дереккөздерде оның аман қалғаны туралы ешқандай дерек жоқ. Бірақ құжаттарда қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы жалған ақпарат беретін жағдайлар болған. Адам тірі, ал құжат бойынша – өлген, мұндай жағдай жиі кездесетін”.
Тарих – сырлы әлем. Нақты деректердің түбіне жету мүмкін болмайтын жайттар көп. Бәлкім Мағжан Жұмабаев 1938 жылы атылған жоқ шығар. МҚК-ның мұрағаттық деректеріне сүйенсек, қуғын-сүргінге ұшырағандардың тізімінде Жұмабаев деген тегі бар бес адам аталады. Бауыржан Момышұлы солардың біреуін кездестіруі де мүмкін.”Мағжан Жұмабаев – Қазақ тарихындағы құбылыс. Кеңес өкіметі оны ұмыттырғысы келсе де, ақын халыққа қайта оралды. Оның шығармашылығы – біз үшін баға жетпес қазына. Біз Мағжанды еске алуымыз керек, оның өлеңдерін оқуымыз керек, оның мұраларымен өмір сүруіміз керек…. Өмірінің ерте сөнетінін Мағжан білді. Қаза табу жолында тұрғанын білетін, бірақ ол болашақ ұрпаққа сенетін, сол үшін өмірін қиюға дайын болды”, – деп қорытындылайды зерттеуінде Мәмбет Қойгелдиев.
Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы – өшпес мұра. Оның лирикалық шығармалары кімге болмасын рухани азық. Оның қай туындысы да қазақ әдебиетінің алтын қоры. Публцистикалық туындылары – оның қайраткерлік бейнесін, заманның тынысын сомдай түсетін дүниелер.
Әлкей Марғұланның “Мағжан Жұмабаев қазақ халқы үшін Шекспир, орыс үшін Пушкин сияқты маңызға ие”, – деп берген бағасы дөп айтылған. Ол – ұлтының біртуар перзенті, қайталанбас биік тұлғасы.
Динара СЫРЫМБЕТОВА,
Тоғжан ӨМІРЗАҚОВА,
Анар ЖҮСІПОВА,
М.Қозыбав атындағы СҚУ-дың оқытушылары.