Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында биылғы туристік маусымға дайындық сөз болды. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Садықов өңірдегі табиғи, тарихи, археологиялық және туристік ресурстарға бай Айыртау ауданындағы демалыс орындарына тоқталды. Бұл ауданның шипалы көлдері, таулы-тасты аймағы, жасыл желегі адамдарға ерекше әсер сыйлайды. Көпшілік арасында кеңінен таныс Шалқар мен Имантауға жаз бойы мыңдаған адам ағылады. Былтыр “Имантау-Шалқар” курорттық аймағында 62,4 мың турист демалыпты.
Туристер демалыс орындарына өз көліктерімен де, автобустармен де жете алады. Алыстан келетіндер Петропавл мен Көкшетау қалаларына әуе немесе темір жол қатынастары арқылы жетіп, әрі қарай арнайы рейстермен демалыс орындарына аттанады. “Петропавл – Имантау” маршруттық автобусы күнделікті қатынайды, бағасы – 2200 теңге. Имантау және Шалқар көлдерінің жағасында 42 туристік нысан жұмыс істейді.
– Айыртау ауданында тарихи орындар да жетерлік. “Ботай” қонысы, Қарасай және Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені, “Айғаным” мұражай-үйі де – туристердің қызыға тамашалайтын жерлері, – деді Нұржан Садықов.
Туристерді тарту, демалушыларға ыңғайлы жағдай жасау үшін материалдық-техникалық база жаңартылып, ұсынылатын қызметтер тізбегі кеңейтілген. Биыл да туристік маусымға дайындық тиянақты жүргізіліп, көптеген жұмыс атқарылған. Мәселен, “Родник” демалыс базасындағы екі қабатты ғимарат күрделі жөнделген, “Ажар” демалыс базасында жаңа үйлер, “Изумруд” демалыс базасында спорт алаңы салынып, “Жемчужина” демалыс базасында жаңадан үш коттедж бой көтерген.
Өңірімізде демалушыларды қызықтыратын тағы бір орын – Мамлют ауданындағы Меңгесер көлі. Бұл көлдегі балшықтың емдік қасиеті көпке мәлім. Меңгесер көлінің айналасына шипа іздеп баратындар қатары қалың. Ол жерде жеке кәсіпкер демалыс базасын ашып қойған. Меңгесер елді мекеніне дейін облыс орталығынан қоғамдық көлік күнделікті қатынайды. Көл ауылдан үш шақырым жерде орналасқан. Онда шілденің басынан бастап, тамыз айының ортасына дейін түскен дұрыс дейді мамандар.
Облыс орталығы мен қала маңайында да демалыс орындары бар. Тұрғындар жыл бойына “Green park”, “Park Hotel Pestreo”, “Pinecon Bor”, “Green Wood”, “Абакшино” сияқты базаларда демалады. Биыл “Абакшино” демалыс орнына күрделі жөндеу жүргізіліп, хайуанаттар бағы кеңейтіліп, үрлемелі аквапарк орнатылып, жаңа үйлер салынған.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.