Ақан сері атындағы облыстық филармонияда белгілі өнерпаздар, мәдениет саласының үздіктері Динара және Асхат Таушевтардың классикалық ән кеші өтті.
Шарада өнерпаздар Австрия композиторы, музыкадағы романтизм бағытының негізін қалаған Ф. Шуберттің туындыларын орындады. Сондай-ақ Ж.Бизенің “Перт сұлуы” операсынан Смит серенадасы, Д.Пуччинидің “Джанни Скики” операсынан, И.Кальманнің “Сильва” опереттасынан Сильваның ариялары шырқалды. Әншілерді рояльда сүйемелдеген Андрей Слезконың өнерін жоғары бағалаған көрермендер концерттен ерекше әсер алып тарқасты.
“Жанды баураған әдемі де әсерлі кештің куәсі болдым. Маған өнерпаздардың шығарманы жеткізу шеберліктері, сахнада өз-өздерін ұстау мәдениеттері ерекше ұнады. Тыңдарманға шабыт сыйлайтын осындай рухани шаралар жиі ұйымдастырылса құба-құп”, – дейді көрермендердің бірі Ардақ Алдамжарова.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.