«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕКСІЗ СҮЙІСПЕНШІЛІК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Таяуда ауылдасым, бүгінде Алматы қаласының тұрғыны, отставкадағы полиция полковнигі Жанат Зейноллаұлы Етекбаевтың “Адамнан ауыл көшпейді” атты кітабы жарық көрді. 

Қызылжар өңіріндегі Мағжан Жұмабаев ауданында Байшілік және Көкше шапқан деген қос ауыл болған. Бүгінде бұл елді мекендердің жұрты ғана қалды. Жанат Зейноллаұлы екі жылдан астам уақыт сол елді мекендерде тұрған әр отбасы жайлы нақты деректер жинап, атқарылған орасан еңбектің нәтижесінде бес жүз беттік кітап шығарды. Өзі туып-өскен ауылына деген шексіз сүйіспеншілігін осылайша білдірген ауылдасым кітапты барынша қызықты етіп шығаруға тырысыпты. Қос ауылда өмір сүрген әр әулет жайлы деректер фотосуреттермен толықтырылып, алфавит бойынша берілген.

Етекбаевтар әулеті 1980 жылы Алматы жаққа қоныс аударды. Бұған отағасы Зейнолла Ахметжанұлы дүниеден өтіп, Фаузия Смағұлқызының үлкен шаңырақта арқа сүйер азаматсыз қалуы себеп болды. Шиіттей бес баланы жалғыз өзі өсіру оңайға соқпайды. Міне, осы жылдары Фаузия Смағұлқызының аға-інілері бұл отбасын Алматы жаққа көшіріп әкеткен. Оңтүстік өңірде тұрмыстары жақсарып, әр бала өмірде өз орнын тапса да, туған жерге деген сағыныштары өшпеді. Автордың “Жүректен шықты шумағым…”, “Арман қуған бала едік, кекілді…”, “Ең қызық кез мектептен басталады…”, “Майлы сүт өзенінің майталмандары…”, “Мамандарын ауылымның айтып кетем…”, “Үлкендер бата берген, жылап тұрып…”, “Іздер жоқ, аяқ басқан…”, “Назарбек аға, сағындым…” сияқты өлеңдері сол кездерді еске салады. Автор ерте есейіп, бұғанасы қатпаған шағында еңбекке араласқан. Ауыл тұрғындарының адамгершілігі мен мейірбандығын, ел ағаларының қамқорлығын мәңгілікке есінде сақтаған. Әрқайсысының атын атап, әрбірін мақтан етуден жалықпайды. Жерлестерімен бастан өткерген қызықты оқиғаларға толы әңгімелерінен сағыныш лебі еседі.
Қыркүйек айының соңында жеке жұмыстарыммен Алматыға барып қайттым. Мүмкіндікті қалт жібермей, кітап авторы Жанат Етекбаевпен кездестім.
– Мен өмір бойы өзімді қарыздар адамдай сезініп келемін. Ауылға көмек көрсетуді армандадым. Ыңғайлы сәтті ойластырып жүргенде соңғы үй де көшіп кетті. Көп ойланып, ақырында туған ауылымды кітапқа арқау етуді жөн көрдім, – деді Жанат Етекбаев.
Әрбір әулетке сыйға тартылған кітап менің үйімнің төргі бөлмесіндегі сөреде жарқырап, ерекше сән беріп тұр. Кітап беттерін ашқан сайын өткен күндерді, өмірден озған адамдарды еске алып, көз жасыма ерік беремін. “Өткенсіз болашақ жоқ!” деген осы болар, бәлкім…

Күлшат ІСЛӘМҚЫЗЫ,
Бурабай кентінің тұрғыны.
Ақмола облысы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp