Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығып, қызметінің түбегейлі принциптері қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылыққа, халықтың игілігін көздейтін экономикалық дамуға негізделген. Зайырлылық ұстанымы мемлекеттің дінге деген қатынасының демократиялық сипатын, кез келген іс-әрекет заң аясында жүзеге асырылатынын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қатаң сақталуын аңғартады.
Дінге қатысты шарттар мен талаптар мемлекет тарапынан белгіленетіндіктен, азаматтық қоғамның құрамдас бөлігі ретінде діни бірлестіктер мен ұйымдардың қызметін реттеп, үйлестіріп отырады. Елімізде дін саясатқа, ал саясат діннің ішкі мәселелеріне араласпайды. Ата Заңымызда жазылғандай, дінге көзқарасы, нанымы бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге, сондай-ақ нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық, рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық ұйымдар құруға, діни негіздегі партияларға жол берілмейді. Сонымен қатар азаматтардың діни-сенім бостандығын орындауына ешқандай кедергі келтірілмейді. Шетелдік діни бірлестіктердің республика аумағында қызметі тиісті мемлекеттік органдармен келісуі арқылы жүзеге асырылады. “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” Заң бойынша әркім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес діни немесе өзге де нанымдарды ұстануға, оларды таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы. Адамдар ұстанатын діннің қандай да бір қағидасы мемлекеттің қойған талаптарына қайшы келген жағдайда заң нормаларымен айқындалады. Өркениетті елдерде оның құқықтық мемлекетті қалыптастырудағы ауқымы кеңейіп, көптүрлілік, төзімділік, толеранттылық, ар-ождан бостандығы деген ұғымдардың баламасы, синонимі ретінде де қолданылады. Саяси-құқықтық тұрғыдан қарастыратын болсақ, әлеуметтік қатынастарды реттеудің жиынтық көрінісі деуге де болады.
Бүгінде дін мемлекеттік саясаттағы, сондай-ақ қазақстандықтардың рухани өмірі мен мәдениетіндегі аса маңызды факторлардың бірі саналады. Оның адамның жандүниесіне, рухани дүниетанымына әсері ұшан-теңіз. Мұның өзі діни ахуалдың ерекшеліктерін көрсетеді. Ұлтаралық, конфессияаралық тұрақтылық мемлекет пен қоғамдық ұйымдардың осы бағытта бірлесіп атқаратын жұмыстарына да байланысты. Ауданда 5 мешіт, 1 православ шіркеуі және “Эммануил” христиандық қайырымдылық үйі жұмыс істейді. Халықтың діни сауаттылығын арттыру мақсатында дін мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Биыл ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, теологтар, дінтанушылар, лекторлар тұрғылықты жерлерде, білім, мәдениет мекемелерінде болып, діни терроризмнің алдын алу тақырыбы бойынша “дөңгелек үстелдер”, семинарлар өткізді. Кездесулерге жұмыссыз жастар, оқушылар, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар тартылды. “Дін және мемлекет қатынасындағы зайырлылық ұстанымы”, “Ислам құндылықтары және қазақи дәстүрлер”, “Ұлттық идеология отбасынан басталады”, “Теріс діни ағымдар” тақырыптары бойынша дәрістер оқылып, тоқсан сайын “Жастар және дін”, “Аудандағы діни жағдай” мәселелеріне қатысты әлеуметтік сауалнамалар ұйымдастырлады. Зайырлы мемлекетте діни сенім бостандығы дегеніміз не, дін бостандығын қалай түсінеміз, заңға қайшы әрекет жасалса, қандай жаза қолданылады, қоғамдық орындарда діни рәсімдерді насихаттауға, таратуға бола ма деген сықылды алуан бағыттағы сұрақтар қойылып жауаптар берілді.
Өкінішке қарай, қоғамдағы тепе-теңдік жүйесін орнықтыруда зайырлылық қағидатының айтарлықтай рөл атқаратынын кейбіреулер әлі де жете түсіне бермейді. Олардың жадында дін мен мемлекет жеке-дара өмір сүруі тиіс деген қасаң түсінік қалыптасқан. Мұндай жағдайда жастардың аумалы-төкпелі, тұрақсыз саяси ұстанымы өзгеріп, адасушылықтарға ұрынуы, теріс пиғылды секталардың жетегінде кетуі әбден ықтимал. Осындай дүдәмал ойлардан арылудың бірден-бір кепілі – діни сауатты болу. Жастар арасында дiнге деген көзқарасы мен заң алдында бiрдей жауапты екенін шатастырып алатындар да кездесіп жатады. Ешкiмнiң діни сенiмдерiн себеп етiп, азаматтық мiндеттерiн атқарудан бас тартуға қақысы жоқ. Дiни нанымға қатысты талаптар мен бiр мiндеттер тек заң нормаларымен ғана айқындалады. Осы себепті дiни сенiм бостандығының сақталуын бақылау және қадағалау атқарушы биліктің, прокуратура және басқа да құқық қорғау органдарының басты назарына алынған.
Қазақстан Республикасының заңнамаларында зайырлы мемлекет қағидаттары мен діни сенім бостандығы құқығы арасындағы байланыстар нақты сипатталған. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары елімізді демократияландыру, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар өз жалғасын тауып келеді.
Жанат ОСПАНОВ,
Шал ақын аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.
Шал ақын ауданы.