Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі жерлес ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған “Мен жастарға сенемін!” атты домбырашылар флешмобын ұйымдастырды. “Достық Молл” сауда орталығында өткен әуезді кешке жиналған тұрғындардың қарасы қалың болды.
Кеш шымылдығы “Мереке думан” биімен ашылды. Мың бұралған бишілер жиналған қауымның көңілін көтеріп, қошеметке бөленді. Кейін ансамбльдің орындауындағы халық күйі “Кеңес” пен Құрманғазының “Балбырауыны” өнерсүйер қауымға жол тартты. Ансамбль құрамы мектепте домбыра сабағына баратын 7-8-9 сыныптар оқушыларынан тұрады.
Шараның басты мақсаты – күй өнерін насихаттау. Халқымыз домбыраға үкі тағып, төріне ілген. Күйшілер мен ақындарды төредей күтіп, төбесіне көтерген. Осы игі үрдіс қазір де жалғасып келеді.
– Бізде жыл сайын домбырашылар флешмобы өтіп тұратын. Пандемияға байланысты бұл үрдіс тоқтап қалды. Биыл оны қайта жаңғыртып, алғашқы кешімізді Мағжан Жұмабаевтың мерейтойына арнадық. Бүгінгі кеште домбыра, жетіген, би ансамбльдері ән мен жырдан шашу шашты, – дейді мектептің директоры Данияр Уәлиев.
Флешмоб барысында Мағжан ақын: “Мен сенемін жастарға, Алаш атын аспанға, Шығарар олар бір таңда, Мен жастарға сенемін!”, – деп жырға қосып, үміт күткен жалынды жастар Нұрғиса Тілендиевтің “Ата толғауы”, “Әлқиса”, халық күйлері “Келіншек”, “Арбиян қоңыр”, “Жастар үні”, “Салкүрең”, Қазанғаптың “Шынаяқ тастар”, Жасарал Еңсеповтың “Әке толғауы”, Бораш Әбеновтың “Желдірме”, Дәулеткерейдің “Көроғлы”, Хабиболла Тастановтың “Би күйі” туындыларын әуелетті.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.