«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІТІМГЕРЛІК — БАБА ЖОЛЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күнделікті тұрмыста, іскерлік қарым-қатынас барысында адамдардың арасында түрлі дау-дамай орын алып жатады. Көшпелі өмірде ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен билеріміз мұндай дауларды өршітпей нүктесін қойып отырған. Алайда заман беті өзгеріп, билер институты жойылып, жаңа заңдар күшіне енді. Бұрынғы қара қылды қақ жарған Қазыбектеріміз жоқ. Бүгінде ел аузы дуалы азаматтарға жүгінуді қойып бір-бірін сотқа сүйреуге көшкен. Кішігірім отбасылық ұрыс-керіске дейін сотқа жетіп жатуы үйреншікті нәрсеге айналған. Кейбір тараптар арасында туындаған түсініспеушілікті соттан тыс бітімгершілік жолмен шешуге болатынын білмей жатады. Бүгінде бұл бітімгершілік міндетті өз мойнына медиатор мамандар алған. Олардың жұмысы туындаған даулы мәселелерді сотқа дейін, соттан тыс және сот барысында шешуге бағытталған.

Аталған ұйым медиация институтын біздің өңірде де нығайтуға ниетті. Облыс орталығында өткен “Шарттық міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру” атты форум барысында осы бағыттағы жұмыстардың жай-жапсары сөз болды.

Медиация тақырыбын арқау еткен жиынға халықаралық медиаторлар, өңірдегі мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері, “AMANAT” партиясының мүшелері қатысты. Форумның ашылуымен облыс әкімі аппаратының басшысы Олжас Ыдырысов құттықтап, сәттілік тіледі. Кейін сөз алған облыстық соттың төрағасы Ербол Жанғазин көтеріліп, отырған тақырыпқа қатысты бірқатар жайды баян етті.

– Бүгін көтеріліп отырған мәселе өте өзекті. Дауды бітімгершілік жолмен шешудің бір жолы – медиация. Сот ашық процес болса, медиация барысында мәлім болған жайлар тараптардың рұқсатынсыз жария болмайды. Медиатордан куәгер ретінде жауап алуға да рұқсат етілмейді. Сотта тараптар бір-біріне қарсы позиция ұстанса, медиация барысында бірлесіп мәселенің шешімін іздейді. Судьялар тағайындалса, медиаторларды адамдар өздері таңдайды. Кәсіпкерлер тәуекелдердің алдын алып, міндеттерді орындауды кепілдендіру үшін келісімшарт жасасып жатады. Көріп отырғанымыздай келісімшарт жасасқандар өз міндеттерін үнемі орындай бермейді. Мұның бәрі компанияларға орасан зор шығын әкеледі. Осындай жағдайда екі жақ та мәселені шешуге атсалысуы керек. Бүгінде облыс соттарында 31  бітімгер судья бар. Облыс соттары жыл басынан бері бітімгершілік процедураларын пайдалана отырып 604 істі жапты, – дейді Ербол Жанғазин.

Ірі кәсіпорындар, инвесторлар, шаруашылықтар, бизнес саласының өкілдері, түрлі мемлекеттік органдар мен қарапайым адамдардың арасында туындайтын даудың көп екені жасырын емес. Сондықтан да соттарға артылар жүктеме артқан. Бұл жүктемені азайтып, дауды балама жолдармен шешуге медиаторлардың қосып жүрген үлесі зор. Солардың ішінде Халықаралық медиация орталығының орны бөлек. Бүгінде оның өңірдегі өкілі ретінде Алтын би Бесембаева жұмыс істейді.

Шара барысында бизнес өкілдеріне медиацияның тиімділігі жайлы елордадан келген сарапшы, тренер, Халықаралық арбитражды соттың өкілі Қайрат Тулекеев айтып берді.

– Әр кәсіпкердің өз бизнесінің қамы үшін әрекет ететіні белгілі. Осындай сәтте өз құқығыңды қорғау мәселесі туындайды. Бітімгершілік – біздің қанымызға біткен қасиет. Сондықтан оның бизнесте де пайдасы мол болмақ. Біз кеңестік кезден роман-герман құқықтық жүйесінде өмір сүріп келеміз. Бұл форманың тұрмысымызға қайшы тұстары да бар. Ал біздің Астана халықаралық қаржы орталығында англо-саксондық негіздегі құқықты пайдаланады. Осылайша ел нарығына ірі бизнесмендерді тарту мүмкін болып отыр. Бүгінде өзге елдің кәсіп иелері өз келісімдерін осы орталықта жасайды. Сонымен қатар Астана қаржы орталығының аясында халықаралық медиация орталығы жұмыс істейді. Біз медиация арқылы кәсіпкерлерді қауіп-қатерден сақтап қалғымыз келеді, – дейді Қайрат Тулекеев.

Жиналғандар Астана қаржы орталығы мен халықаралық арбитражды орталықтың медиацияны дамыту арқылы әлемдік бизнес өкілдерінің оң бағасын алып  отырғанын сөз етті. Соңғы 3 жылда бұл бизнес алаңда 23 ел өкілінің қатысуымен 2 мың медиация процедурасы жүргізілген. Ал ел бойынша халықаралық медиация орталығының мамандары 430 мың іске нүкте қойыпты.

Өңірде жыл басынан бері отбасылық – 87, қылмыстық – 42, әкімшілік – 533, мектепшілік – 56, медициналық – 21, банк ісі бойынша 18 медиациялық процедура жасалған. Мамандар бітімгерлік арқылы 48 отбасын сақтап қалған. Медиаторларға мемлекеттік органдарға қатысты 65, бизнес бойынша 98, еңбек қатынастары жөнінде 58 өтініш түсіпті. Алтын би Бесембаева осылардың ішінде ең қиыны мектеп айналасында болатын жасөспірімдерге қатысты даулар екенін айтады.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp