«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Дизель отыны арзандады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үкімет “Amanat” партиясының бастамасымен шаруаларға арналған дизель отынын арзандатты. Республикадағы жетекші саяси ұйым араласқаннан кейін шаруалар үшін жеңілдетілген дизель отынының 1 литрі 250 теңгеге дейін төмендеді.

Қызылжар өңірінің кәсіпкерлері үшін де бұл мәселе алынбас қамалдай көрінетін. Олар өз өтініштерін орталық мемлекеттік органдарға жолдағанмен, шешімін таппай келген. “Amanat” алаңында партия хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің төрағалығымен облыстық филиалдар жанындағы экономиканы, кәсіпкерлікті және аграрлық секторды дамыту жөніндегі кеңестердің кеңейтілген отырыстары өткізіліп, талап-тілектерін құзырлы ұйымдарға табыстады. Абай облысының шаруалары дизель отынының қымбат екеніне бірнеше рет шағымданған. “Жан-Ер” ЖШС-ның директоры Съезбек Ахметовтің айтуынша, жеңілдетілген бағадағы 1 литр жанармайдың құны 270 теңгеге жетіп, ауыл шаруашылығы өнімдері мен қызметтердің бағасына айтарлықтай әсер еткен. Аманаттықтар бұған дейін батыс және солтүстік өңір кәсіпкерлерімен кеңес өткізген кезде де осы өзекті мәселе қозғалған. Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов ведомство жеңілдетілген бағадағы дизель отынын арзандату туралы шешім қабылдағанын айтқан.

Партия хатшысы өңірлердегі кәсіпкерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын министрліктер өкілдеріне тікелей жолдап, жауап алуға жақсы мүмкіндік берілгенін атап өтті.

Осыдан бір апта бұрын “Amanat” партиясының Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстық филиалдары жанындағы экономика, кәсіпкерлік және аграрлық секторды дамыту жөніндегі аймақтық кеңестердің кеңейтілген отырысында Ресей бидайын әкелуге тыйым салуды ұзарту мәселесі талқыланған. Эльдар Жұмағазиев Ресейден жеткізілетін импорттық тауарлардың саны күн санап артып бара жатқанын алға тартты.

   “Бұған ресейлік тауарлар үшін сыртқы нарықтың тарылуы мен рубль бағамының теңгеге шаққандағы теңгерімінің төмендеуі себеп болып отыр. Бұл өз кезегінде, ресейлік тауарларға деген сұранысты айтарлықтай арттырды. Елімізде азық-түлік тауарларын өндіруге қажетті электр қуаты, жанар-жағармай, тұқым, ауыл шаруашылығы техникалары, өсімдіктерді қорғау шығындары, жемшөп бағасы аталған елмен салыстырғанда қымбат”, – деді ол.

Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары, “Amanat” фракциясының мүшесі Альберт Рау Қазақстан нарығындағы қазіргі жағдайға атүсті қарауға болмайтынын және ел экономикасына тиімді шара қабылдау қажет екенін атап өтті.

  “Ресей астығының елімізге жүк көлігімен тасымалдауына қатысты шектеу тек заңға қайшы әрекеттер анықталғаннан кейін барып қойылды. Қазақстанға импортталған астықтың нақты көлемі белгісіз. Сондықтан отандық астық өндірушілердің алаңдауына толық негіз бар. Көрші елдің диқандары мол өнімге кенелген сайын қазақстандық шаруалардан ұйқы қашады деген сөз. Бұл қауіп алдағы уақытта да сейілмейді. Сондықтан мәселеге көз жұма қарауға болмайды”, – деді депутат.

Ілияс СӘБДИНОВ,

“Amanat” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp