Солтүстік Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы Петропавл мен 8 ауданға қызмет көрсетеді. Акционерлік қоғам күніне 163 мыңнан астам адамды жарықпен қамтамасыз етеді. Былтыр кәсіпорынды техникалық жағынан жаңғыртуға 1 млрд. 283 млн. теңге қаражат бағытталыпты.
Алайда “СҚ ЭЖТК” АҚ бас директоры Анатолий Казановский барға қанағат айтудың орнына көз жасын көлдетіп, Үкіметтің қаржылық қолдауына үміт артып отырған секілді. Әлде өңірге жұмыс сапарымен келген Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың “№2 Петропавл жылу электр орталығына бөлінетін 17,5 млрд. теңге тек қана қазандықтарды қалпына келтіруге жұмсалмайды. Оның ішіне жөндеу жұмыстарына қажетті жабдықтар да кіреді”, – деген мәлімдемесінен соң мұндай қаржылық қолдауды “батпан құйрық – далада тегін жатқан құйрыққа” балап қалса керек.
Білдей мекеменің төрінде төбедей болып отырған басшы былай дейді: “Құрылыс және қайта құру бағытында 677,72 млн. теңге игерілді. Қуаттылығы 25 және 16 мегаватт болатын екі трансформатр ауыстырылды. Ал жаңғырту бағытында автоматтандыру және механикаландыру бойынша техникалық құралдар кешені жаңғыртылды. Сондай-ақ 15 арнайы техника мен 40 дана күштік трансформаторлар сатып алынды”.
Жан жадыратар цифрларға адамның іші жылып, көңілі марқайып қалады екен. Одан әрі былай көсіледі: “Компанияның басым бағыттарының бірі – тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту. Бірақ бұл үшін инвестиция көлемін 1 млрд. 200 млн. теңгеден 11 млрд.-қа дейін өсіру қажет. Әзірге, ол мүмкін болмай тұр. Тұрғындардан алынатын тариф төлемі 2025 жылға дейін бекітілген”.
Осы жерде көптеген жылдар бойы қордаланып қалған проблемалар бұрын айтылмай енді ғана қозғалуында қандай сыр бар деген сауал туады. Әлде мемлекетке қол созып, жылай берсе, соқыр көзден де жас шығадының кері ме екен?
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.