«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘСЛИХАТ — ЫҚПАЛДЫ КҮШ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында қоғамның қажеттілігі мен сұранысына негізделген еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасы ұсынылып, жүзеге асырылатын ауқымды реформалар алуан түрлі көзқарастардың жиынтық көрінісі ретінде бағаланды. Қасым-Жомарт Кемелұлы осыған дейін қолға алынған өзгерістердің заңды жалғасы іспетті бұл бастамалар екі өзекті міндетті шешетінін атап көрсетті. Біріншісі, қоғамның дәйекті түрде демократиялануын, екіншісі, мемлекеттің орнықты әрі басқаруға икемді болуын қамтамасыз етпек.

Мұның өзі іргелі қоғамдық өзгерістер мен шиеленісе түскен геосаяси тартыс кезінде айрықша маңызды. Мемлекет басшысы реформа жасап жатырмыз деген атақ үшін ғана реформа жасаудың ешкімге қажеті жоқтығын, өзгерістер жұртқа жақсы көріну үшін жасалмайтынын, құлаққа жағымды, бірақ орындалуы екіталай, күмәнді көрсеткіштерге алданбау тиістілігін, қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кеткенін, халық көпірме сөз, бос уәдені емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістерді күтетінін айрықша ескертті. Тарихи құжатта бүкіл құзырет бір қолда болуына негізделген басқару жүйесі өзінің тиімділігін жоғалтқаны, мұндай ереже көзқарасы мен ұстанымы әрқилы азаматтық қоғамды ұйыстыра алмайтыны ашық айтылып, кез келген мәселені шешудің оңтайлы жолдарын бірге іздестіру, экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жою, оның орнына ашық әрі әділ бәсеке орнату, Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгерту үшін әр қадамды мұқият ойластыру талаптары қойылды. Президент “біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз”, – дей келіп, “күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет” қағидаты басшылыққа алынатынын қадап айтты. Стратегиялық мақсаттарға жетуге мүмкіндік беретін бірқатар басымдықтар белгіленді.

Солардың бірі – азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән беру. Мықты мәслихаттар ғана өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға игі ықпалын тигізе алатынын тәжірибеден жақсы білеміз. Мәслихаттардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз етуде мәслихат төрағасы лауазымының енгізілуінің де мәні айрықша. Сондай-ақ мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту мақсатымен облыс әкімдерін тағайындау тәртібі өзгертілді. Бұған дейін депутаттар Мемлекет басшысы ұсынатын бір ғана кандидатураны талқыға салса, енді заңнамаға сәйкес облыс және республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына кем дегенде екі кандидатура баламалы негізде ұсынылады. Былайша айтқанда, әкімдер мәслихаттарда қарау нәтижесін ескере отырып тағайындалады. Бұл – өңір басшылары жанама сайлау арқылы қызметке келеді деген сөз. Осылайша саяси жаңғыру аясында мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналып, өкілді билік тармағын өзгерту жөніндегі жаңашылдықтар күшті парламенттік мәдениеті және ықпалды халық қалаулылары бар жаңа Қазақстанды құруға бағытталған. Сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың депутаттары мажоритарлық-пропорционалдық сайлау жүйесі бойынша сайланып, “Amanat”, “Ауыл”, “Ақ жол” және “Respublika” партияларынан 15 және бірмандаттық сайлау жүйесі арқылы 15 үміткер халық қалаулысы атанды. Сөйтіп конституциялық реформа нәтижесінде мәслихаттың жартысына жуығы жаңартылды, оның құрамына түрлі сала мамандары кірді. Бюджет, қаржы, экономика салаларын дамыту және қоршаған ортаны қорғау, халықтың денсаулығын жақсарту, білім беру, мәдениет және жастар ісі, депутаттық өкілеттілік, азаматтар құқығы және заңдылықтар, қоғамдық ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс мәселелері жөніндегі үш комиссия құрылды. Сессиялардың күн тәртібіне негізінен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей қатысты аса маңызды мәселелер енгізіліп, талқыланады. Олар – экономиканы әртараптандыру, инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, ауылдық аумақтарға, кәсіпкерлікке ерекше серпін беру, шекара маңайында орналасқан елді мекен тұрғындарының қалыпты өмір сүруіне қолайлы жағдай тудыру, қаражаттың тиімді, мақсатты жұмсалуы, жер ресурстарын қорғау. Мұның бәрі табандылықты, бірлескен іс-әрекеттер мен жылдам шешімді қажет етеді. Зерделеу жұмыстары жүргізіліп, тиісті орындарға нақты ұсыныстар беріледі. Өңірде алға қойған мақсаттарды орындауға мүмкіндіктер мол. 2023 жылға бекітілген бюджет 420 млрд. теңгені құрайды. Республикалық бюджетті нақтылау есебінен қосымша қаражат бөлінді. Облыс тұрғындарының 50 пайыздан астамы ауылдарда тұратыны да ескерілген. Ең маңызды проблемалардың бірі – ауызсумен жабдықтау, сапалы медициналық көмек, білім беру нысандарының жағдайы және жол құрылысы. Кезекті сессиялардың бірі облыстық бюджетті бекіту туралы шешімге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге арналып, тұрғындардың жекелеген санаттарына, оның ішінде дәрілік заттарға, арнайы емдік өнімдерге тегін медициналық кепілді көмектер беру ұсыныстары қолдау тапты.

Жекелеген депутаттарымыз Сенаттың, Мәжілістің комитет отырыстарына қатысып, ұсыныс-пікірлерін білдіріп отырады. Мәселен, Сенаттың әлеуметтік-экономикалық және ғылым комитеті отырысында сөйлеген сөзінде халықтың денсаулығын сақтау, әлеуметтік қорғау, білім, мәдениет және жастар ісі жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы Ольга Клишина соңғы үш жылда 400-ден астам елді мекен, 2 ауылдық округ атауы өзгергенін, 12 мәдениет, спорт нысандарына, оқу орындары мен мектептерге белгілі тұлғалардың есімдері берілгенін, моральдық тұрғыдан ескірген жер-су атаулары жаңаратынын жеткізді. “Amanat” партиясы жанындағы Отбасы істері және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі республикалық кеңестің “Азаматтардың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үйдің қолжетімділігі” тақырыбында өткен жиында Сәуле Сұрағанова тұрғын үй кезегінде 20 мыңнан астам адамның тұрғанын, олардың 3607-сі – жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, 752-і – көпбалалы отбасыларға, 7633-і әлеуметтік осал топтарға жататынын, бұл бағыттардағы атқарылып жатқан шараларды айтып берді. Партияның “Жол картасы” жобасын талқылау отырысында депутаттар өте белсенділік көрсетті. Саяси ұйымның 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында 30 мың жұмыс орнын құру, 51 инвестициялық жобаны іске қосу, 7 мектеп, 46 денсаулық сақтау нысанын салу, 5 жыл ішінде тұрғындарды таза ауызсумен толық қамту, сапалы жолдардың үлесін 78 пайыздан 95 пайызға дейін жеткізу, 1,5 млн. шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру межеленген.

Тұрақты комиссиялардың жұмыс жоспары бекітіліп, 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспардың орындалуы жіті бақылауға алынған. Депутаттар Орынбасар Ысқақова, Гюлага Илдырымов, Владимир Эрман, Сергей Домаев, Бейбіт Сыздықов, тағы басқалары ерекше қамқорлыққа зәру адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету, ауылдарда интернет байланысын жақсарту, балалар қауіпсіздігін күшейту, тағы басқа өзекті жайттарды ортаға салды. Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматовтың есебі тыңдалып, жыл басынан бері 1551 құқық бұзушылықтың тіркелгені, көрсеткіш 21 пайызға төмендегенімен, зорлау фактілерінің 9,1 пайызға көбейгені, ал сотталғандардың 95 пайызының жұмысқа орналастырылмайтыны айтылды.

Депутаттар сайлаушылар алдындағы дербес жауапкершілігін естен шығармайды. Азаматтар да өз өмірлерінің жақсы жаққа қарай өзгергенін байқаса, халық қалаулылары мен мәслихатқа деген сенім артары сөзсіз. Бұл орайда, халықпен кері байланыс орнату тәсіліне де жүгініп отырамыз. Аудандарда кездесулер өткізудегі басты мақсат – шешімін таппай келе жатқан проблемаларды бірлесіп талқылап, іске асыру жолдарын іздестіру. Депутаттар Айыртау ауданында болғанда құрылыс нысандарын аралап, жұмыс сапасына айрықша назар аударды. Ұзындығы 21,6 шақырым болатын су тарату жүйесінің құрылысымен танысты. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарасты Чистополье, Тахтаброд елді мекендері бойынша қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Жұртшылық тарапынан жер үлестерін қайтару, су тарату желілерін орнату, көшелерді жарықтандыру, бейнекамералар қою мәселелері көтеріліп, отын-шөп бағасының қымбаттылығы айтылды. Кездесулерде көтерілген мәселелер бақылауға алынды. Тайынша ауданы, Вишневка ауылында мектептегі оқушылар санының азаюы байқалса, облыс орталығындағы Солнечный кентінің тұрғындарын балалар ойын алаңының, сумен жабдықтау жүйесінің болмауы толғандырады. Жол мәселесі, қоғамдық көлік қатынасы реттелді. Тораңғұл көлі жағасында орналасқан “Сосновый Бор” демалыс аймағы жазғы кезеңде зор туристік әлеуетке ие болғанымен, келушілерге жазғы демалыстың барлық мүмкіндіктері көрсетілмейтіні анықталды. Депутаттардың бір тобы қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде болып, еңбек ұйымдарымен, сотталғандарды ұстау шарттарымен танысты. Цехтарда үй, кеңсе жиһаздары, ат әбзелдері, кәдесый бұйымдары жасалады. Нан пісіріліп, аяқ киім тігіледі. Мекеме әкімшілігіне кәсіпкерлікті дамытып, өндіріс орындарын көбейту ұсынылды.

Елімізде мәслихаттар құрылғаннан бері алғаш рет жергілікті өкілді билік органдарына айрықша көңіл бөлінді. Атап айтар болсақ, ел астанасында барлық деңгейдегі депутаттардың бірінші республикалық форумы жаңаша форматта өтіп, мәслихат өкілдері шақырылды. Сөйтіп сайланбалы органдардың рөлін күшейтуге үлкен мән берілді. Алқалы басқосуда қоғамды демократияландыру және билік құзыреттерін төменге беру үдерісі жалғасатыны атап өтілді. “Жергілікті өзін-өзі басқару туралы” заңның қабылдануы бұл бағыттағы маңызды қадам болмақ. Үкіметтің де, Парламенттің де, мәслихаттардың да мақсаты бір, ол – халықтың қамы және елдің мүддесі. Осыған орай барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары тексеру комиссияларымен тығыз қарым-қатынас орната отырып, сайлауалды бағдаламалар мен “Жол карталарының” және қанатқақты жобалардың ойдағыдай орындалуына ықпал жасауды басты мақсат санайды. Президент кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзінде реформаларды жүзеге асыру барысындағы бірқатар олқылықтарға да тоқталды. Негізгі мәселе – жұмыстың сапалы орындалмауы. Оның себептері – кейбір мемлекеттік қызметшілердің, басшылардың өз қызметіне салғырт қарайтыны, өзіне жауапкершілік алудан тартынатыны, қағазбастылық. Сондықтан ескі жұмыс тәсілін түбірімен жою үшін ерік-жігер таныту, жүктелген міндеттерді орындау үшін дереу іске кірісу, мемлекеттердің даму бағдары және басымдықтары басқаша сипат алуына байланысты батыл әрі жылдам әрекет ету талап етілді. Бүгінгі таңда көп нәрсе мәслихат депутаттарының әлеуметтік белсенділігіне, кәсіби даярлығына, білімі мен біліктілігіне байланысты екені айтпаса да түсінікті. Бұл орайда Президент белгілеп берген басымдықтар мен заңдарға енгізілген өзгерістер басшылыққа алынып, мәслихат қызметін тиімді ұйымдастырудың мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылатын болады.

Владимир БУБЕНКО,

облыстық мәслихаттың төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp