«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Зәулім үйлер салатын, елден алғыс алатын

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Құрылыс саласы – ел экономикасы мен әлеуетінің жетекші драйвері. Елдегі құрылыстың даму қарқынына көз тіксек, бұл салаға жұмылдырылған еңбек күші 17 пайызды құрайды. Қазақстандағы құрылыс саласында 650 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Құрылыс секторының даму үдерісін экономикалық тұрғыдан пайымдасақ, ішкі жалпы өнім жыл сайын өсім беруде. Халықтың әлеуметтік ахуалын арттыру жолында да құрылыс саласының маңыздылығы мен өзектілігі айқын.

Соңғы жылдары біздің өңірімізде құрылыс қарқын алуда. Оны бірінен соң бірі бой көтеріп жатқан зәулім де әсем ғимараттардан аңғарамыз. Осыдан бес-алты жыл бұрын облыс орталығындағы “Жас өркен” деп аталатын шағынауданның орнында тозығы жеткен жер үйлер болғанына кім сенеді? Бұрын орны саз бен балшық болған “Береке” шағынауданы бүгінде көрікті мекенге айналуда. Осының барлығы желдің өтінде, күннің астында жүріп еңбек ететін құрылысшылардың арқасында мүмкін болды.

Біздің өңірімізде бірнеше жүздеген адамды еңбекпен қамтып, әлеуметтік, коммерциялық нысандар салу қызметін абыроймен атқарып жүрген ірі құрылыс кәсіпорындары аз емес. Солардың қатарында “Основание”, “Альфа-Север”, “Единство”, “Зерттеу”, “Стройкомпания”, “Құрылыс сервис СК”, “Петропавлкоммунстрой”, “Пилон СК” компанияларын ерекше атап өтуге болады.

Өңір құрылысшылары биыл жүзге тарта нысанда өз жұмыстарын жүргізуде. Биыл жалпы аумағы 300 мың шаршы метрді құрайтын пәтерлердің алғашқы легі беріле бастады. Бұл – жүздеген отбасы қоныс тойын тойлауда деген сөз. 

 “Альфа-Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бір нысанның құрылысын жүргізу үшін 130-дан 250-ге дейін еңбеккер тартады. Олардың қатарында кәсіпорынның тұрақты кадрлары, сондай-ақ келісімшартпен тартылатын жалдамалы жұмысшылар да бар. Биыл кәсіпорын төрт нысанның құрылысын  жүргізуде.

 “Альфа-Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2007 жылы алған құрылыс лецензиясымен нарықта он алтыншы жыл қызмет етіп келеді. Осы жылдар ішінде серіктестік мемлекеттік тапсырыстағы және коммерциялық сатылымдағы тұрғын үйлердің, әр түрлі әлеуметтік нысандардың құрылыстарын жүргізген. Бұл кәсіпорын Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында балабақша, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишим ауылында мектеп-интернат, Тимирязев ауданындағы Докучаево ауылының жанындағы Сары мен Сүйір батырлар кесенесін, Петропавл қаласында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы мен бірнеше көпқабатты тұрғын үйді салып, “Пирамида” сауда үйіне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізген. Компанияда тәжірибелі инженерлік-техникалық қызметкерлер, жүргізуші-механиктер, газ-электр дәнекерлеушілер, бетоншылар, тас қалаушылар, электриктер, сантехниктер, монтажшылар, шатыршылар, әрлеушілер және тағы да басқа мамандар жұмыс істейді.

“Альфа-Север” құрылыс компаниясының қызмет спекторы кең. Кәсіпорын жаңа ғимараттар құрылысымен қатар, электр және жылумен жабдықтау жұмыстарын, сумен жабдықтау және бұру құрылыстарын да жүзеге асырады. Компанияның бетон плиталарды, терезелерді, қалайы материалдарды жасайтын цехтары бар. “Альфа-Север” бірінші болып өңірде панельді үйлер құрылысын бастаған.

Құрылыс – аса күрделі салалардың бірі. Төңірегінде өзекті мәселелер жетерлік. Олардың қайсыбірінің шешімді жолын табу оңайға түспейді. Мәселен, кадр жетпеушілігі мәселесі бұл саланы айналып өткен жоқ. Құрылыс материалдарының жыл сайын қымбаттап, тұрғын үйлердің бағасының шарықтап кетуі, салынған ғимараттардың сын көтермей жататындығы да айтыла-айтыла жауыр болған мәселелер. Осындай қиын жағдайға қарамастан өздеріне артылған жауапкершілікті абыроймен атқарып жүрген көптеген компанияның еңбегін бағалаусыз қалдыруға болмайды. Өйткені басқасын айтпағанда, құрылыс саласының халықтың әлеуметтік жағдайына үлкен ықпал етіп отырғанын жоққа шығара алмаймыз.  

– Біздің басты міндетіміз – қолға алған жобаны жауапкершілікпен жүзеге асыру. Өзімізге тапсырылған нысанды сапалы әрі межеленген уақытта орындауға тырысамыз. Біздің мақсатымыз – жерлестеріміздің үйлі болуына немесе салған әлеуметтік нысандарымыз арқылы олардың әлеуеттерін жақсартуға қолғабыс жасау, – дейді Андрей Капустин.

“Альфа-Север” серіктестігінің құрылыс жүргізіп жатқан нысандарының бірі – “Жас өркен” шағынауданындағы көпбейінді емхана. Нысанды пайдалануға беру алдағы қыркүйекке жоспарланған. Денешынықтыру-сауықтыру кешені мен өртсөндірушілер тұрағының (депо) құрылысы алдағы жылы аяқталып, қолданысқа берілмек. Осы іспеттес айтулы жұмыстардың астарында құрыш білек құрылысшылардың елеулі еңбегі жатқаны жасырын емес.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp