«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЛАП ҚОЮ ТӘРТІБІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (ӘРПК) 2020 жылғы 29 маусымда қабылданып, аталған заңнамаға сәйкес сотта қаралатын істер – әкімшілік іс деп аталады.  Оның 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енуі сот қызметіне серпін беріп, заңнама нормаларын қалыптастыруда атқарылып жатқан жұмыстар қыруар.

Кодексте анық жазылғандай әкімшілік іс талап қою негізінде қозғалады. Талап қою сотқа жазбаша немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында беріледі.

Әкімшілік сотқа дау айту, мәжбүрлеу, әрекет жасау және тану туралы талап қоюлар берілуі мүмкін. Енді әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтейік.

Дау айту бойынша талап қоюшы өзінің құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзатын, яғни, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актінің толық немесе оның бір бөлігінің күшін жою талабын қоюға құқылы.

Мәжбүрлеу бойынша талап қоюшы қабылдануынан бас тартылған не әкімшілік органның, лауазымды адамның әрекетсіздігі себебінен қабылданбаған әкімшілік актінің қабылдануын талап етуі мүмкін. Сонымен қатар талап қоюшы жауапкердің ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдамау міндеті туралы талап қоюы да ықтимал.

Әрекет жасау бойынша талап қоюшы белгілі бір әрекеттер жасауды немесе әкімшілік актіні қабылдауға бағытталмаған әрекеттерді жасамауды талап ете алады. Талап қоюшы заңда белгіленген мерзімде әкімшілік актінің қабылданбауы салдарынан әкімшілік акт қабылданды деп танылған жағдайда, заңда көзделген сол нысана бойынша тиісті құжатты беруді де талап етуі мүмкін.

Тану туралы талап қоюшы қандай да бір құқықтық қатынастың бар немесе жоқ екенін тануды талап етуі ықтимал. Бұл ретте талап қоюшы заңды күші жойылған, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні заңсыз деп тануды талап етуі мүмкін.

Талап қоюшы даулы қатынастарды қысқа мерзімдерде орнатуға жеткілікті дәрежеде мүдделі, яғни, құқықтық, моральдық немесе материалдық сипаты болған жағдайда тану туралы талап қоя алады.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 136-бабына сәйкес талап қою сотқа келесі мерзімде жолданады.

Дау айту және мәжбүрлеу туралы талап қоюлар сотқа дейінгі тәртіпте шағымды қарайтын жоғары тұрған органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі. Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын жоғары тұрған орган болмаса, талап қою дауласуға жататын әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.

Әрекет жасау туралы талап қою адамға әрекеттің жасалғаны туралы мәлім болған, сондай-ақ әрекет жасау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзім өткен күннен бастап бір ай ішінде сот қарауына ұсынылады.

Тану туралы талап қою сотқа даулы құқықтық қатынас туындаған кезден бастап бес жыл ішінде беріледі. Заңды күші жоқ, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні заңсыз деп тану туралы талап адамға осы акт арқылы оның құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылғаны туралы мәлім болған күннен бастап үш ай ішінде жолдануы мүмкін.

Сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбаған өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі.

Құқықтары, бостандықтары және заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы білген немесе білуі тиіс болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ акті қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы. Шағымды қарайтын жоғары тұрған органға шағым берген адам шағым бойынша шешім табыс етілген кезден бастап бір ай ішінде немесе шағым бойынша шешім қабылданбаса, осы шағымды қарау мерзімі өткен соң, сотқа жүгінуге құқылы.

Талап қоюды сотқа беру мерзімін өткізіп алу себептері мен олардың мәнін сот алдын ала тыңдауда анықтайды. Талап қоюды сотқа беру мерзімін дәлелді себепсіз өткізіп алу, сондай-ақ сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтіруден бас тарту талап қоюды қайтару үшін негіз болады. Сот талап қоюды мәні бойынша қарау нәтижесінде шешім қабылдайды. Шешім ауызша талқылау аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей дайындалады. Айрықша жағдайларда әкімшілік істің күрделілігі ескеріле отырып, соттың шешімі ауызша талқылау аяқталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей дайындалуы мүмкін. Ауызша іс жүргізу үшін шешім жарияланған күн, ал жазбаша іс жүргізу үшін соттың шешімінде көрсетілген күн шешімді шығару күні болып табылады. Сот шешімді қысқаша нысанда шығаруы мүмкін. Қысқаша шешім кіріспе, уәждеу және қарар бөліктерінен тұрады. Қысқаша шешімнің уәждеу бөлігінде дәлелдемелер олардың мазмұны ашылмай, тек атауы көрсетілуі ықтимал. Талап қоюшының талап қоюы негізсіз, ал шағымды сотқа дейінгі қарау нәтижелері бойынша жоғары тұрған органның шешімі негізді деп танылған жағдайда, сот қысқаша шешімде осы жоғары тұрған органның шешіміне сілтеме жасаумен шектелуге құқылы.

Сот тараптардың өтінішхаты бойынша, бірақ соттың қысқаша шешімі табыс етілген кезден бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей толық мәтіні көрсетілген шешімді дайындауға міндетті. Осындай шешім өтінішхат келіп түскен кезден бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей әзірленеді. Бірінші сатыдағы соттың шешімі, егер дереу орындалуға жіберілмеген болса, осы шешім, егер апелляциялық шағым, өтінішхат берілмесе, апелляциялық шағым жасауға арналған мерзім өткен соң заңды күшіне енеді. Апелляциялық шағым жасауға, өтінішхат келтіруге арналған мерзімі өткізіп алынған және сот мерзімді қалпына келтіруден бас тартқан жағдайларда, шешім бас тарту туралы ұйғарымға шағым жасау мерзімі өткен соң заңды күшіне енеді.

Бердібек МҰСТАФИН,

облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp